Экономика

Қазақстан Республикасы – экономикалық өсімінің негізгі көзінің бірі пайдалы қазбалар өндіру болып саналатын индустриялық ел. Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5000-нан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша – екінші, мыс және флюорит бойынша – үшінші, молибденнен – төртінші, алтын қоры жөнінен  алтыншы орын алады.

Сонымен қатар, Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол қорына ие. Ел жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай және газ конденсатын алатын әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына жатады. 2020 жылға қарай өндірісті жылына 120 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстан анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр. Оған қоса республикамыз ранг жөніндегі әлемдік табелде көмір қоры бойынша – 8 және уран қоры бойынша 2-орын алады. 

Дәстүрлі түрде елде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады. Мал шаруашылығының негізгі бағыттары – қой, жылқы, түйе, ірі қара мал шаруашылығы және шошқа өсіру. Сонымен бірге, республикада құс шаруашылығы мен балық шаруашылығы да дамыған.

Қысқа тарихи мерзім ішінде – тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 16 есеге –  700 АҚШ долларынан 12 мың долларға дейін өсті. Бұл – тіпті қарыштап даму үстіндегі оңтүстік-шығыс азиялық «жолбарыстармен» салыстырғанда да ғаламат нәтиже. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады. Бүкіләлемдік банктің жіктемесіне сәйкес, республикамыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 150 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды, бұл – Орталық Азияға салынған инвестицияның 70% мөлшері. Елдің алтын-валюта резерві 2012 жылғы 1 маусымда 85 миллиард АҚШ долларына тең болды, оның 50 миллиард доллардан астамы Ұлттық қорға тиесілі.

Кәсіпкерлік жүргізу шарттары бойынша Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан 2011 жылы барлық ТМД елдерінен озып, 47-орын алды. Ал Менеджментті дамытудың  халықаралық институтының (ІМD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде республикамыз 2011 жылы Индонезия, Түркия, Италия және өзге де көптеген елдердің алдына шығып, 36-орынға табан тіреді.

 Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2011 жылы 125 миллиард доллардан асты. Экспортталатын басты тауарлар – кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.

 Экономиканы әртараптандыру шеңберінде елде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес, бүкіл ел бойынша бұрынғы кәсіпорындар мен  өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңалары ашылуда.

 Қазақстан «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс. Осы мега-жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай республика арқылы өтетін транзиттік жүк ағыны 2 есе дерлік өсіп, одан әрі жылына ең азы 50 миллион тоннаға жетуі тиіс. 

 Қазақстан – Ұлы дала көшпенділері мемлекеттік құрылымдарының тарихи мұрагері болып саналатын және біртіндеп олардың баста геосаяси мұратын – Еуразиядағы ықпалдастыққа, бейбітшілік пен жасампаздықтың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуді жүзеге асырып келе жатқан, өзіндік төлтума мәдениеті мен тарихы аса бай ел.

 Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда. Астанада 2012 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өтті, оның жұмысына шамамен әлемнің 40 елінен 85 делегацияқатысты. Жыл сайын 2008 жылдан бастап Астана экономикалық форумы бүкіл әлемнің жетекші экономистерінің, талдаушылары мен сарапшыларының басын қосып келеді. Астана мен Алматыда 2011 жылдың басында Қысқы Азия ойындары табысты өтті. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

 Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Республикаәлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен 2010 жылғы желтоқсан айында Астанада осы беделді халықаралық ұйымның саммитінің өтуі дәлелдейді. АӨСШК – ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы жобасын іске қосу елдің маңызды бастамасына айналды. Қазақстанның ислам әлемдегі жетекші ұйым – ИЫҰ төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң баға алды. Сонымен қатар, елімізжаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады. Жалпы, Қазақстан бүгінде халықаралық іргеліұйымдар – ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ және өзге де ұйымдар аясында түрлі әріптес мемлекеттермен өзара белсенді ықпалдастық жүргізуде. 

 2010 жылғы шілдеде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы, ал 2012 жылғы 1 қаңтардан Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастады. Бұл бірлестіктер мүше мемлекеттердің экономикасының тиімді дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін тауар, қызмет, қаржы және адам капиталының үш ел шекарасы арқылы еркін қозғалысы қағидаты негізінде арттыруға бағытталған.

Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Бүгінгі Қазақстан – өз топырағының асыл дәстүрлерін ардақ тұтатын, кемел болашаққа қадам басқан жасампаз ел.

 

Web bage by VG-Studio