Жалпы мәліметтер

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.

Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.

Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының  нышаны және кепілі.

Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушылық билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне жетекшілік жасайды.

Заң шығару қызметін тұрақты негізде жұмыс жасайтын екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасының Парламенті жүзеге асырады.

Сенатты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды. Сенатта ұлттық-мәдени және қоғамның өзге де елеулі мүдделерінің қамтамасыз етілуі қажеттігі ескеріліп, он бес депутатты Президент тағайындайды. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан құралады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – бес жыл.

Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Алып жатқан жер көлемі 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым, еліміз әлем елдері арасында аумағы бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым. Оған қоса, республиканың құрлық ішіндегі теңіздері – Каспий және Арал теңіздері бар. Қазақстан – Әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел.

Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр.  Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда  үлкен және шағын 48000 көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл.

Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді. Қаңтардағы орташа ауа температурасы − солтүстікте -19 °C-дан оңтүстігінде -2 °C-ға дейін, шілдедегі орташа ауа температурасы − солтүстікте +19 °C-дан  оңтүстігінде +28 °C-ға дейін. Жаз мезгілі ыстық және құрғақ, қысы суық және қарлы.

 zemelapis

Web bage by VG-Studio